ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚӨУ 65 жылдығына және ағайынды Абдуллиндердің туғанына 105 жыл толуына орай «Хор шығармаларын түсіндіру мәселелері» атты шеберлік сабағы.
Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚӨУ негізінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚӨУ 65 жылдығына және ағайынды Абдуллиндердің туғанына 105 жыл толуына орай Республикалық «Қазақстанның хор дирижерлары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Г.К.Құттыбадамова мен ШҚӨУ директоры, «Білім беру ісінің үздігі» А.О.Дюсупованың ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Хормен дирижерлеу» ПЦК студенттеріне арналған интерактивті шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Аталған шараға Қырғыз ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», СҚО Ақан сері атындағы филармониясының камералық хорының дирижер-хормейстері Колчин Юрий Викторович пен СҚО Ақан сері атындағы филармониясының камералық хорының көркемдік жетекшісі, әрі дирижері Мухамеджанова Галия Сакеновна қатысты.
Шараға Семей, Петропавл қалаларындағы білім беру мекемелерінің ұстаздары мен әртістері және ШҚӨУ студенттері мен оқытушыларын қосқанда 47 қатысушы қатысты. Олар СҚО Ақан сері атындағы филармониясының камералық хорының орындауындағы Ю.В.Колчиннің хорға арнап лайықтап жазған В.Калинниковтің «Кондор», «Вей, вей ветерок» (лат.халық әні), К.Шілдебаевтың «Отан - ана», «Дудар-ай», «Он алты кыз» (қаз.хал.әні), Т. Мухамеджановтың «Заманай», К.Дүйсекеевтің «Еркеледің сен» атты хор шығармаларының бейнетаспаларын тамашалап, шығармалардың көркемдік мазмұнының дыбыстық үйлесімділікке ұласуын талқылады. Қатысушыларға шығармашылық ұжымның ансамблділігі, сезімталдылығы мен нәзік пиано, әдемі дыбыстық үйлесімділігі қатты ұнады.
Шеберлік сабағы барысында «Хормен дирижерлеу» бөлімінің студенттері хор шығармаларын талдау бойынша құнды мәліметтермен қаруланып, әдеби мәтінмен жұмыс жасаудың жолдарымен танысты. Сонымен қатар, хор дирижерінің өзіндік шеберлігімен және хор ұжымымен жұмыс жүргізудегі тәжірибелерімен бөлісті. Аталған шеберлік сабағы училище студенттері мен оқытушыларына жаңа шығармашылық серпіліс сыйлады.